Атырау облысында көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыстың бас санитар дәрігері Мәдениет Танауовтың жаңа қаулысында айтылған.

«Атырау облысының аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін шаруашылық және (немесе) өзге де қызметпен және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайларымен шектеу шаралары енгізілсін. Шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімдері облыс аумағында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін» -делінген құжатта.

Қаулыға сәйкес, көпшілік іс-шараларды (мерекелік, ойын-сауық, көпшілік мәдени, көрмелерді, корпоративті, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ, отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары,мерейтойлар, еске алу және т. б.), оның ішінде үйде және жаппай адамдар жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге, «Ashyg» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін қоспағанда ойын-сауық объектілерінің, банкет залдарының, жабық үй-жайдағы балалар ойын-сауық орталықтары мен аттракциондардың, ойын алаңдарының (ауладағыларды қоспағанда), түнгі клубтардың, караоке, компьютерлік және ойын клубтарының, кальян, бильярд, боулингтердің, букмекерлік кеңселердің, мерекелерді ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетудің қызметіне тыйым салынып отыр.

Жаңа қаулы 4 маусымнан сағат 00:00-ден бастап заңды күшіне енеді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында шектеу шаралары күшейтілген еді.