Қиыр Шығыстан 85 жыл бұрын Қазақстанға күштеп депортацияланған корейлердің бір тобы Атырау облысына қоныстанған.
Олардың алғаш табан тіреген орны – Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылы. Бұл ауыл бұрын Чкалов аталған еді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін атауы өзгерді.
Бұдан бес жыл бұрын «Тхониль» корей этно-мәдени бірлестігі Бейбарыс ауылында «Қазақ халқына мың алғыс!» сөзі жазылған ескерткіш орнатуға ұйытқы болды.
Бірлестік жетекшісі Людмила Лидің айтуынша, бұл ескерткіш – қиын кезеңде жатсынбай, бауырына басқан қазақ халқына шексіз ризашылықтың белгісі.
«Корейлер қазақ жерінде өсіп-өніп жатыр. Қазір Атырау облысында үш мыңға жуық корей этносының өкілі тұрады. Корейлер жергілікті тұрғындармен қыз алысып, қыз беріскен құдандалы болып отыр. «Тхоньил» этномәдени бірлестігін құрып, тіліміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртып келеміз. Бірлестік мүшелері өңірдегі мәдени-көпшілік шараларға белсенді қатысып жүр», -дейді Людмила Ли.