Атырау облысында коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны күрт төмендеді
Бұған дейін Атырау облысындағы Теңіз кен орнында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны азайғанын жазған болатынбыз.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 30 қаңтарда COVID-19 инфекциясы 168 адамнан табылған. Ал, кеше, 31 қаңтарда қауіпті вирустың белгісі 48 адамнан анықталып, науқастар 3,5 есеге азайған.
Дерекке жүгінсек, өткен тәулікте Атырау қаласында коронавирусты жұқтырудың 39 жағдайы расталып отыр. Ал, Теңіз кен орнында 2 науқас тіркелген. Сондай-ақ, Жылыой ауданында 4, Исатайда – 1, Құрманғазыда – 1, Махамбет ауданында 1 науқас анықталды.
Өткен тәулікте қауіпті вирустан 696 адам емделіп шықты.
Қазір 6 048 адам үй жағдайында емделу үшін оқшауланған. Модульдік ауруханада – 150, фтизиопульманологиялық орталықта – 53, аудандардағы инфекциялық стационарларда – 50, ал, №2 облыстық ауруханада 23 науқас ем қабылдап жатыр.
Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда емделіп жатқан бірде-бір науқас жоқ.