Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері көші-қон заңдылығын бұзған шетелдіктерге 17 млн теңгенің айыппұлы салынған.
«Жыл басынан бері 33 мыңнан астам шетелдік уақытша тұруға рұқсат алды. Көші-қон заңдылықтарын бұзғаны үшін 4976 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еліміздің аумағынан 100 шетелдік шығарылды. Қазақстан Республикасының көші-қон заңдылығын бұзған азаматтарға 17 млн теңгеден астам айыппұл салынып, толықтай өндірілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 392, 395 және 394-баббымен (ҚР шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) 9 дерек тіркелді. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері облысқа келген шетелдіктер тарапынан 15 қылмыс жасалған. Ал, шетелдіктерге қарсы жасалған 35 қылмыс тіркелген.
«Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер есебінде 5 136 адам бар. Бұларға қоса, 215 шетелдік есепке қойылды. Қазақстан азаматтығы жеңілдетілген тәртіппен 224 адамға берілді», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейінАтырауда ел аумағына заңсыз келген шетелдік 6 айға сотталғанын хабарлаған едік.
Биылғы 21 сәуірде Өзбекстан Республикасының 44 жастағы азаматы жеке басын куәландыратын құжатсыз Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан қасақана заңсыз өткен.
Оның бұрын ел аумағынан 5 жылға тысқары шығарылғаны анықталған.
Құрманғазы аудандық сотының үкімімен Өзбекстан Республикасының азаматы кінәлі деп танылып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Шетелдікке ел аумағына 5 жыл мерзімге келуге тыйым салынды.