Атырау облысында күзгі балық аулау маусымы ашылды

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат -  Бүгін Атырау облысындағы Жайық және Қиғаш өзендерінде балық аулау науқаны ашылды.

ҚР АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 наурыздағы «Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» қаулысымен Жайық-Каспий бассейнінде 25 сәуірден 15 тамызға дейін балық аулауға тыйым салу енгізілді. Ол балық ресурстарының тіршілік ететн жерлерінде өсіп-өнуін сақтау мақсатында антропогендік әсерді төмендетуге және табиғи көбеюіне жағдай туғызуға бағытталған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 16 қаңтардағы «Балық шаруашылығы су тоғандарында балық және басқа су жануарларын аулаудың 2012 жылға арналған лимиттерін бекіту туралы» қаулысымен Жайық-Каспий бассейнінде 36928,515 тонна, Жайық өзенінде 10 тонна және Қиғаш өзенінде 5 тонна көлемінде балық аулау лимиті бекітілді.