«Қазақстанда қазіргі уақытта 1 мыңнан астам мұнай-сервистік компаниялар бар. Олар негізінен 5 облыста шоғырланған. Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты, олардың 99-ында жұмыс орындарын сақтап қалу бойынша проблемалар туындап қалуы мүмкін. Бұлар бойынша, 3 топты анықтадық. Біріншісі, жұмыстан айырылған 1 279 қызметкер бойынша, біз жұмыстарды аяқтап қалдық. Қазіргі уақытта жұмысқа орналастырылмаған 500 адам қалды. Әрбір азаматты жұмысқа орналастыру шарасы жеке жүргізілуде. Атырау облысында 3 800 адам жұмыстан айырылуы ықтимал. Олар бойынша, екі тетік жасақталды. «Теңіз Шевройл» компаниясының болашақта кеңейтілуіне байланысты 20 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл компания аталмыш жұмысты бастап кеткен болатын. Биыл Атырау, Маңғыстау облыстарында жаңа жұмыс орындарының алғашқы легі ашыла бастады», - деді министр.
Оның айтуынша, егер ТШО жобасы баяулайтын болса, ҚР ҮИИДМБ, «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020» бағдарламалары аясында анықталған қажетті мамандықтар мен жұмыс орындарына жіберіледі.
«Барлық мамандарды орналастырамыз деп айта алмаймын, себебі жұмыс берушінің талабына сай мамандар болады, кейбірі талапқа келмей қалады, сондықтан біз оларды «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде қайта оқытып, шағын бизнес ашуларына микрокредиттер ұсынамыз. Бұл азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырады», - деді Т. Дүйсенова.