Атырау облысында мал азығына қажет пішеннің 61 пайызы дайындалған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мал азығына 600 мың тоннадан астам пішен қажет. Осы кезге дейін оның 61 пайызы дайындалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 3,2 млн гектар жер бар. Шабындық мақсатындағы жер қоры 50,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 4 017 гектардың 49 пайызына жаңбырлату әдісімен суарылады.

«Қысқы маусымға мал азығына 600,2 мың тонна шөп қажет. Оның 80 пайызы облыс аумағынан, 20 пайызы көршілес облыстардан дайындалады. Осы кезге дейін қажетті пішеннің 61 пайызы дайындалды. Пішен дайындауға 705 трактор, 1 341 шөп шабатын агрегат, 630 тасымалдаушы техника жұмылдырылды. Мал азығын дайындау шығынын өтеу үшін жергілікті бюджеттен шаруашылықтарға 1,9 млрд теңге субсидия бөлінді. Соңғы 3 жылда субсидия қаржысы екі есеге артты», деп хабарлады Серік Шәпкенов.

Әкімнің дерегіне сүйенсек, шаруашылықтарға 41 мың тонна кебек қажет. Қазір шаруашылықтар қажетті кебектің 45 пайызымен қамтылған.

«Жем бағасын тұрақтандыру қолға алынды. Жем дайындаушылар есебінен 1,2 мың тонна кебек дайындалды. Оның 1 келісін 60-65 теңгеден сату ұйымдастырылды. Ал, жеке сектор арқылы 34 оператор шаруашылықтарға жем тасымалдаумен айналысады. Олар жемнің 1 келісін 90-100 теңге аралығында сатады», -деп мәлім етті Серік Шәпкенов

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында нысандардың жылыту маусымына дайындығы 72 пайыз екенін хабарлаған едік.