Атырау облысында ондаған жылқы газ құбыры үшін қазылған жырада мерт болды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының Исатай ауданында екі кеніш арасында газ құбырын төсеу үшін қазылған жыраға түсіп кеткен ондаған жылқылар мен түйе мерт болды.

«Газ құбырына арналған жыраның ұзындығы - 13,5 шақырым. Жұмыстарды 2015 жылғы 31 желтоқсанға аяқтау жоспарланған болатын. Алайда доллар бағамының өзгеруімен байланысты біз дер кезінде оның әр шақырымында екі данадан орнатылатын конденсат жинағышты ала алмай қалдық. Сондықтан да Жаңа жылға дейін газ құбыры құрылысы аяқталмай қалды. Одан кейін оны қалың қар басып қалды. Бұл далада бақташысыз жайылып жүрген жануарлардың жыраға түсіп кетіп, мерт болуына әкеп соқты. Әзірге 40 жылқы мен түйенің мерт болғаны белгілі. Малдардың қожайындарына өтемақы төлеу мәселеcін шешетін боламыз. Біз өз кінәмізді мойындаймыз», - деп хабарлады «Монолитинвест» ЖШС бас директоры Бибінұр Юсупова.