Атырау облысында өзге өңір тұрғындарынан 262 грамм есірткі табылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында есірткіні сақтаған және сатқан Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының тұрғындары ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Атырау облысы ПД баспасөз қызметі

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдіктілер «Қарасора» іс-шарасы кезінде қолға түскен.

«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облыстық департаментінің қызметкерлері Атырау қаласында синтетикалық есірткі сақтаған күдіктілерді ұстады. Олардан есірткінің 200-ге жуық дозасы тәркіленді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының 1981 жылы туған тұрғынынан тәркіленген есірткі затының салмағы 64,2 грамм «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісі екені анықталды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деп хабарлады департаментттің баспасөз қызметінен.


Бұдан бөлек, Атырау қаласының «Нұрсая» шағынауданында аса ірі мөлшердегі синтетикалық есірткіні жасырып кету әдісімен сатып келген күдікті анықталды.

«Тараз қаласының 1987 жылы туған тұрғыны ұсталды. Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттың салмағы 70,09 грамм «Альфа-PVP» және 128,31 грамм «Мефедрон» синтетикалық есірткі екені анықталды. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деп мәлім етті ведомстводан.


Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбады.

Бұдан бұрын Абай облысының тұрғыны Атырауда 1,5 мың доза есірткіні заңсыз сақтау күдігімен ұсталғанын жазған едік.

Сондай-ақ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкелері Атырау қаласындағы ірі мұнай өңдеу мекемелерінің лабораторияларына тексеру жүргізді. Нәтижесінде 20 тоннаға жуық прекурсор табылды.

Атырау облысында биылғы 6 айда есірткіге байланысты 63 қылмыс тіркелді.