«Атырау облысы ІІД «Шеп» бекетінің қызметкерлері Б.Нұрланов, Б,Мақауов, Р.Ниеталиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Олар «Шеп» бақылау-өткізу бекеті арқылы Қазақстан Республикасының аумағына кедергісіз өткізгені үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып отырған. Пара көлемі 900-ден 5 000-ға дейін ресей рубльін немесе 5 000-нан 27 000 теңгені құрады», - делінген Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаментінің хабарламасында.
Құрманғазы аудандық сотының үкімімен кінәлілерге айыппұл төлеу жазасы кесілді. Б.Нұрланов - 2,7 млн теңге, Б.Мақауов - 760 мың теңге, Р.Ниеталиев - 324 мың теңге. Пара алғаны үшін кінәлі деп танылғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан және атақ дәрежелерінен айырылды. Заңсыз жолмен алынған мүліктері тәркіленді.