Атырау облысында шетелден жалған құжатпен әкелінген 8 автокөлік анықталды
Атырау облыстық полиция департаменті жедел криминалистік басқармасының баастығы, полиция полковнигі Нұрлан Ахметжановтың айтуынша, биылғы 23 қаңтардан бері шетелден әкелінген 9 мыңнан астам көлік тексерілген.
«Үкіметтің биылғы 9 қаңтардағы қаулысының талаптарына сәйкес келмейтін шетелдік автокөліктерді заңдастырудың жолын кесу жөнінде пәрменді іс-шаралар қабылданды. Шетелдік көлікті заңдастыру үшін көлік иесі өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлік, көлікке меншік құқығын растайтын 4 құжатты ұсынуы керек. Біздің басқарманың сарапшы-криминалист мамандары аталған құжаттардың растығын, көліктің криминалдық есепте бар-жоғын тексереді. Осы кезге дейін криминалист мамандар 9156 көлік құралын тексерді. Оның ішінде 8 автокөліктің құжаттары қолдан жасалғаны анықталды», -деп хабарлады Нұрлан Ахметжанов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда айыппұлы төленбеген шетелдік тіркеудегі көліктер арнайы тұраққа жеткізілгенін хабарлаған едік.
Грузия Республикасында тіркеуде тұрған «Chevrolet» маркалы автокөлігінің жүргізуші бірнеше айыппұлын төлемей жүрген борышкерлердің тізімінде болған. Жүргізушінің төленбеген 37 айыппұлының көлемі 900 мың теңгеден асқан.
Кейін автокөлік контрабандасымен айналысқан деструктивті діни ағым өкілі ұсталғанын жазған болатынбыз.
Деструктивті діни ағымның өкілі Ресей Федерациясынан автокөліктерді контрабандалық әдіспен тасымалдаған. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайынан автокөліктердің жалған мемлекеттік белгілері, автокөлікті сатып алу-сату келісім шарттары, сенімхаттар, Ресей Федерациясында тіркелген автокөліктің төлқұжаты, жеке адамдардың жеке куәліктері, тауарға арналған декларация, «Iphone 13» ұялы телефоны мен түбіртектер табылды.