Атырау облысында соңғы тәулікте 73 адам коронавирус жұқтырды

Атырау облысында соңғы тәулікте 73 адам коронавирус жұқтырды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында соңғы тәулікте 73 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 9 қаңтарда 54, ал кеше, 10 қаңтарда 73 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып отыр.

«Соңғы бір тәулікте қауіпті індетке шалдыққан науқастардың 18-і Атырау қаласында

тіркелді. Сондай-ақ, Теңіз кенішінде 50 жұмысшыдан, Жылыой ауданында – 3, Қызылқоғада –1, Құрманғазы ауданында 1 адамнан коронавирус анықталды. Covid-19 вирусы 16 науқаста симптомды түрде өтуде. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясынан 53 адам емделіп шықты», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Қазір үй жағдайында емделушілер қатарын 243 адам құрайды. Ал облыстық инфекциялық стационарда 108, аудандардағы стационарларда 32, Теңіз кенішіндегі стационарда 812 адам ем қабылдап жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы «қызыл» аймаққа енген еді.