Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы басшысының орынбасары Марат Қарамлаевтың айтуынша, өңірде сұйытылған газды тұтыну қажеттілігі 9-10 мың тоннаны құрап отыр.
«Энергетика министрлігінің сұйытылған газ жеткізу кестесіне сәйкес қыркүйекте Атырау облысының ішкі нарығына 5 063 тонна бөлінген. Оны «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-дан жеткізледі. Бүгінге дейін газбен жабдықтаушы мекемелер 3 280 тонна газды тасымалдады. Енді қалған көлем – 1 783 тонна. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы сұйытылған газдың тәуліктік өндірісі 500 тоннаны құрайды. Автокөліктер арқылы 100 тонна сұйытылған газ Атырау облысының ішкі нарығына, 100 тоннасы Батыс Қазақстан облысына, ал, 300 тоннасы теміржол жолы арқылы Ақмола, Қостанай облыстарына жөнелтіліп жатыр. Атырау облысының әкімдігі сұйытылған газ тапшылығын болдырмау мақсатында Энергетика министрлігіне, зауытқа ұсыныс хат жолдап, тиісті жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде қазір зауыттағы тәуліктік газ өндірісі 650 тоннаға дейін өсті. Атырау облысының ішкі нарығына жөнелтілетін газ көлемі 250 тоннаға дейін ұлғайды. Бұл газ құю бекеттеріндегі кезекті азайтуға, талонмен босатуды жоюға бағытталды», -деп хабарлады Марат Қарамалаев.
Оның айтуына қарағанда, облыс әкімдігі тарапынан Энергетика министрлігіне қосымша газ бөлу жөнінде ұсыныс хаттар жолданған. Газ құю бекеттеріндегі 195 тонна сұйытылған газ қалған. Өңірде күн сайын 200-250 тонна газ тұтынылады. Сондай-ақ, «Теңізшевройл» компаниясына сұйытылған газбен қамтасыз ету жөнінде сұраныс хат жіберілген.
Еске сала кетелік, Атырау мұнай өңдеу зауыты сұйытылған газды көлікпен әкетуге тыйым салмағанын жазған едік.