Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті.
«Атырау облысында жалпы көлемі 1,4 трлн. теңге болатын үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 34 жобасы іске асырылуда. Оның аясында 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады», - деді өңір әкімі.
Оның атап өткеніндей, жыл басынан бері Индустрияландыру картасы шеңберінде облыста 9 жоба енгізілді. Жоспар бойынша тағы 5 жобаны іске асыру көзделуде. Биылдың өзінде құны 6 млрд. теңге болатын арматура шығару зауыты пайдалануға берілген. Келесі жылы өңірдегі қарқынды құрылыс саласының дамуына орай тұрғын үй құрылысы комбинатын салу межеленіп отыр.
«Өнеркәсіптік саясаттың негізгі міндеттерін тиімді атқару үшін облыста мұнай-химия кластерін құру қарастырылған. Қазіргі таңда оның бастапқы алғышарттары бар. Облыс аумағында газ-химия зауыты салынуда. Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектерін өндіру кешенінің құрылысы басталды», - дейді Б.Ізмұхамбетов.