Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлдана Бисенбайдың айтуынша, қауіпті вирус адамдар көп шоғырланатын орындарда жұққан.
«Атырау «жасыл» аймақта болғанмен, бұл қауіпті вирустың таралуы тоқтады дегенді білдірмейді. Талдау көрсеткендей, коронавирус инфекциясының таралуының басты себебі – тұрғындардың сақтық шараларын елемей, адамдар көп жиналатын орындарға баруы. Қауіпті вирус көп таралатын ошақтың қатарында сауда үйлері, базар мен медициналық мекемелер, қоғамдық тамақтану, түнгі клуб, той-садақа өтетін орындар бар. Мәселен, 1-23 ақпан аралығында Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 908 дерегі тіркелді. Сондай-ақ, COVID-19 инфекциясының белгісі науқастармен жақын қарым-қатынаста болғандар, қоғамдық көлікті жиі қолданушылар, вахталық кент жұмысшылары арасында кеңінен таралып отыр», -дейді Гүлдана Бисенбай.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында коронавирус жұқтырған екі адам қайтыс болғанын жазған едік.