Өңірде Елбасы–Тұңғыш Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында үш жатақхана бой көтерген. Соның бірі –Индер ауданындағы көпбейінді ауыл шаруашылық колледжінің 100 орындық жатақханасы. Төрт қабатты жаңа ғимаратта екі орынға арналған 12, үш орындық 15, төрт адамға есептелген 4 жатын бөлме бар. Әр бөлме заман талабына сай қажетті жиһаздармен жабдықталған. Сондай-ақ, асхана және кір жуатын орында қарастырылған.
Екіншісі – Атырау энергетика және құрылыс колледжінің студенттері үшін салынған 100
орындық жатақхана. Төрт қабатты ғимарат қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген.
Үшінші жатақхана Жылыой ауданындағы С.Өтебаев атындағы мұнай және газ
технологиялық колледжінде ашылған. Бұл жатақхана 60 орынға есептелген. Мұнда да
жаңа жиһаздар, төсек орын, тоңазытқыш, теледидар, бейнекамера, студенттерге арналған
кітапхана, асхана, демалыс залы, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында спорттық алаң
бар.
Айта кетер жайт, бұларда студенттермен бірге, колледждерде жұмыс істейтін оқытушылардың
жас отбасылары тұра алады.
«Өңірдегі 24 техникалық және кәсіптік колледжде 15 мыңнан астам студент білім
алуда. Басқа аймақтан келген студенттер мен оқытушылар үшін жатақхана мәселесі
маңызды болып отыр. Осыған орай 2022 жылға дейін жатақханаға сұранысты толық
шешуді көздеп отырмыз», - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Сатқан
Есенғалиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырауда 100 орындық
жатақхана ашылғанын хабарлаған болатынбыз.