Атырау облысында соңғы аптада қауіпті вирусты жұқтырушылар саны артып отыр.
Мәселен, 12 қаңтарда 243, 13 қаңтарда 437, ал, кеше, 14 қаңтарда 521 адам коронавирус
инфекциясын жұқтырған.
«Covid-19 инфекциясына шалдығу дерегі әсіресе, Атырау қаласында көбейді.
Мұнайлы шаһарда 14 қаңтарда қауіпті вирусты жұқтырудың 386 жағдайы расталды. Теңіз
кен орнында 27 науқас анықталды. Індеттің белгісі Жылыой ауданында 30, Индерде – 20,
Махамбетте – 18, Қызылқоғада – 11, Құрманғазыда –11, Исатайда – 10, Мақат ауданында 8 адамнан табылды. Коронавирусқа шалдыққандардың арасында 272 науқаста симптомды белгі бар», -деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қазір 1 075 адам үй жағдайында емделіп жатыр. Өңірдегі инфекциялық стационарларда
хаттамаға сәйкес, ем-дом қабылдау үшін 524 науқас оқшауланған. Оның ішінде Теңіз кен
орнындағы инфекциялық стационарда – 279, модульдік ауруханада – 201, аудандардағы
стационарларда – 32, фтизиопульманологиялық орталықта 12 пациент бар.
Еске сала кетелік, бұған дейін «қызыл» аймақтағы Атырау облысында 437 адам
коронавирус инфекциясын жұқтырғаны хабарланған еді.