Атырау облысында үш күнде 449 шетелдік жауапқа тартылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында үш күнде 449 шетелдік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың мәліметінше, 6 желтоқсан бері «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

«Полиция қызметкерлері іс-шарасы басталғаннан бергі 3 күнде шетелден келген 449 азаматтың көші-қон заңнамасын бұзғанын анықтады. Шетел азаматын шақырудың белгіленген қағидаларын бұзғаны үшін 124 азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 10 жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны белгілі болды. Ал, 12 шетел азаматына қатысты сот Қазақстан Республикасы аумағынан тыс шығарып жіберу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, облыс аумағында Тәжікстан Республикасы азаматының «Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтуі» дерегі анықталып, іс-құжаттар жинақталуда», - деді Қамза Үмбетқалиев.

Оның айтуынша, «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы 12 желтоқсанға дейін жалғасады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 23 үйге ұрлыққа түскен қылмыстық топ мүшелері сотталғанын жазған едік.