Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, коронавирус инфекциясын жұқтырған 137 адам оқшауланған.
«Оның ішінде 75 адам үй жағдайында емделу, 580 төсек-орны бар инфекциялық стационарларға 62 науқас (жүктеме – 10,7%) хаттамаға сәйкес ем-дом қабылдау үшін жатқызылды. Қазір модульдік ауруханада – 45, аудандардағы инфекциялық стационарларда – 14, фтизиопульманологиялық орталықта 3 науқас жатыр. Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кенішіндегі стационарға коронавируспен жатқан науқастар түскен жоқ», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Өткен тәулікте қауіпті вирусқа шалдыққан 6 науқас тіркелген. Атырау қаласында Covid-19 инфекциясын жұқтырудың 5 жағдайы расталған. Ал, Жылыой ауданында 1, Құрманғазы ауданында 1 науқас анықталған.
«Қазір инфекциялық стационарлардағы 58 орындық жансақтау бөлімінде коронавирус инфекциясымен жатқан 12 науқастың жағдайы ауыр. Оның ішінде жағдайы өте ауыр 3 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл бөлімдегі жүктеме – 22,4%», деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы Теңіз кенішінде коронавируспен ауырған науқастар жоқ екенін жазған едік.