Жаңа бөбекжай Атырау қаласының Водников елді мекенінде бой көтерді. 280 орындық нысан «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасы аясында салынды. Енді мұнда алдағы жылы 600 орындық мектептің құрылысы басталады.
«Облыс аумағында алдағы 5 жылда 50 балабақша салуды жоспарлап отырмыз. Биыл өңірде 11 балабақша пайдалануға беріледі. Соның бірі – бүгін Водников елді мекенінде ашылған «Ақсұңқар» бөбекжай-бақшасы. Мұнда балаларға мектепке дейінгі тәрбие беру үшін қолайлы жағдай жасалып отыр», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау облысында тағы бір нысан пайдалануға берілді. Индер ауданының орталығы – Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов мектебінің ауласында жаңа үлгідегі спорт алаңы ашылды.
Салтанатты шараға аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, ардагер спортшы Б.Айтқалиев, сондай-ақ кент тұрғындары қатысты.
«Спорт алаңының құрылысын «ТеплоИнжСтрой» ЖШС қазан айында басталды. Жалпы аумағы 0,377 гектарды құрайтын ашық алаңда футбол, баскетбол, волейбол, алғашқы әскери дайындық және Street Workout алаңшасы орналасқан. Ойын алаңдары жасанды көгалмен, жаттығу орындары арнайы жабындымен қапталды. Жарық шамдары орнатылды», - дейді аудан әкімінің орынбасары А.Мұсағалиев.
Оның айтуынша, мұндай спорт алаңдарының құрылысын С.Сейфуллин, М.Әуезов, «Көктем» қазақ орта мектептерінің ауласына салу жоспарланып отыр. Қазір осы жобаның сметалық-құжаттамасы дайындалған. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының әкімі балалар үйіндегі сәбилердің тұсауын кескен еді.