Атырауда соңғы екі-үш күннен бері WhatsApp мессенджері арқылы қолына кеспелтек ағаш ұстаған жартылай жалаңаш ер адамның мектеп-интернаттың ауласына кіргені туралы видео тарады. Видеода балалар «Қараңдар, маняк!» деп алаңдаушылық білдірген.
«Бұл видео 10 желтоқсанда Мақат ауданындағы Доссор кентінде түсірілген. Сол күні сағат 15:10-да жартылай жалаңаш жүрген ер адам әуелі Доссор кентіндегі М.Өтемісұлы көшесінде орналасқан субұрқақты сындырған. Содан соң полиция қызметкерлерінен қашып, С.Шәріпов атындағы мектеп-интернаттың ауласына кірген. Оның қолында кеспелтек ағаш болған. Полиция қызметкерлері 36 жастағы ер адамды мектеп-интернаттың ауласынан ұстады», -деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жол апатынан екі адам мерт болғанын хабарлаған едік.