Жоғалған жігіттің жасы – 21-де. Ол 21 сәуірде сағат 09:00-де Тасшағыл ауылынан белгісіз бағытқа мал іздеуге шығып кеткен. Содан бері одан еш дерек болмады.
Далалық жазықтан табылмаған соң оны Ойыл өзенінен іздеуге шешім қабылданды.
«Бұрнағы күні, 23 сәуірде сағат 19:00 шамасында өзеннен жоғалған жігіт мініп кеткен аттың өлексесі табылды. Ал, бүгін, 25 сәуірде сағат 09:45-те із-түзсіз кеткен жігіттің мүрдесі өзеннің жағаға жақын тұсынан табылып, судан шығарылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жоғалған жігітті іздеуге департаменттің 6 қызметкері мен 2 техникасы, оның ішінде 1 жүзу құралы тартылды.
Бұған дейін Атырау облысында 21 жастағы жігіт із-түзсіз жоғалып кеткен еді.
Кейін оның аты өзеннен өлі табылған болатын.