Атырау облысында жол апатынан бір адам көз жұмып, алтауы ауруханаға жеткізілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жол апатынан бір адам мерт болып, алтауы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы кеше, 1 қыркүйекте болған.

«Жергілікті уақытпен сағат 16:30 шамасында Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 48-шақырымы тұсында Toyotа Camry мен Lada Priora автокөлігі соқтығысты. Жол апатының салдарынан Lada Priora автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында мерт болды. Ал, Тoyota Camry автокөлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушысы, Lada Priora көлігінің бір жолаушысы Мақат аудандық ауруханасына жеткізілді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда сиырға, сосын жүк көлігіне соғылған Toyota Camry жүргізушісі мерт болғанын хабарлаған едік.

Жол апаты Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы (Астрахань бағыты) тас жолының 430-шақырымы тұсында тіркелген.

Toyota Camry автокөлігі әуелі жолдан өтіп бара жатқан сиырды қағып, содан соң соққы екпінімен қарсы жолақта келе жатқан Mercedes жүк көлігімен түйіскен.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан Toyota Camry автокөлігінің 1988 жылғы жүргізушісі дене жарақатын алып, оқиға орнында мерт болды.

Жеңіл көліктегі 2 жолаушы әртүрлі дене жарақатын алды.

Сондай-ақ, Атырау облысында кейінгі екі айда 4 жол апатынан 20 адам көз жұмғанын жазғанбыз.