Атырау облысында жыл басынан бері 10 бала терезеден құлаған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері 10 бала терезеден құлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, былтыр 32 бала биіктен құлап, ауруханаға түскен.

Ал, биылғы жыл басынан бері тұрғын үй терезесінен 10 бүлдіршін құлап кеткен.

Балалар ауруханасының нейрохиругы Шодер Ариповтың айтуынша, көбіне мұндай жайтқа 2-6 жастағы балалар тап болады.

«Терезен құлауға балалардың масаны өткізбеу үшін қойылған торға сүйкенуден болады. Өйткені, терезедегі москиттік тор балалардың салмағына шыдамай, жыртылып кетеді. Он баланың тоғызы жерге баспен құлайды. Бұл баланың миынан ауыр жарақат алуына себепші болады. Мұндай кезде баланың миы шайқалады. Мидағы кез келген жарақаттың салдарынан бала психикологиялық ауытқуға ұшырайды. Тіпті өзін өзі ұстауы бұзылады. Ал, ауыр жарақат алған бүлдіршін мүгедек болып қалуы немесе көз жұмуы мүмкін», -дейді Шодер Арипов.

Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынып отыр.

«Біріншіден, балалардың терезеден құлауына үйде жалғыз қалуы себеп болады. Екіншіден, балалардың терезе жақтауына шықпауы үшін оған жақын тұсқа жиһаз, не өзге де бұйымдарды қоймау керек. Үшіншіден, москиттік тордың балаларды құлаудан сақтамайтынын ескерген жөн. Төртіншіден, терезеге ашуға кедергі келтіретін арнайы тетікті орнату қажет», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері 90-ға жуық бала жоғалғанын хабарлаған болатынбыз.