Атырау облысында жыл басынан бері 14 адам жоғалып кеткен

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері 14 адам жоғалып кеткен. Екі адам өлі күйінде табылып, бір адамды іздеу тоқтатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мақсот Есполовтың мәліметінше, жыл басынан бері төтеншеліктерге 82 авариялық-құтқару іс-шарасы тіркелген.

«Өңір тұрғындарының моблиьдік телефон нөміріне ауа-райының қолайсыздығы туралы ескерту үздіксіз жіберіледі. Алайда, тұрғындар мұндай ескертуге немқұрайлы қарайды. Әсіресе, аудандарда тұратын тұрғындардың тарапынан ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, жолға шығу, малды өріске шығару дерегі азаймай отыр. Мәселен, 4 адам мал бағып жүріп, ал, 2 адам белгісіз себеппен із-түзсіз жоғалған. Құтқарушылар жоғалғандарды жедел іздестіріп, аман-есен тапты. Сондай-ақ, барар жеріне жетпей, жоғалып кеткен 5 адам отбасына қайтарылды. Өкінішке орай із-түзсіз жоғалған 1 ер адам мен 1 бала судан, тағы бір ер адам Жылыой ауданындағы Сарытақыр участогінің шығыс оңтүстігінде даладан өлі күйінде табылды», -дейді Мақсот Есполов.

Оның айтуынша, бір адамды іздестіру іс-шарасы нәтижесіз болған. Құтқарушылар жоғалып кеткен адамды 6 күн бойы іздеген.

Жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарына өрт сөндіру бөлімдерінен 83 қызметкер мен 24 техника тартылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жыл басынан бері 5 адам жоғалып кеткенін жазған болатынбыз.