Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологилық бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Айнагүл Сарсенғалиеваның мәліметінше, жыл басынан бері көкжөтел ауруының 46 дерегі тіркелген.
«Көкжөтел – жіті респираторлы, антропонозды, тек адамға жұғатын бактериалық инфекция. Бұл аурудың негіз қоздырғышы «Borgetella Pertussis» бактериясы болып отыр. Қазір облыстағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақсыз деуге болады. Өткен жылмен салыстырғанда, көкжөтел дертін жұқтыру 23 есе көбейді. Бұған коронавирус пандемиясынан кейін көкжөтелге қарсы вакцинацияның төмендегені себеп болды. Жыл басынан бергі 7 айда көкжөтелдің 46 жағдайы тіркелді. Оның ішінде Атырау қаласында 41 жағдай, Құрманғазы ауданында – 3, Махамбет ауданында 2 жағдай анықталды. Ауру жұқтырғандардың 98%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың 92%-ы көкжөтелге қарсы профилактикалық екпе алмаған. Көкжөтел инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – вакцина алу», -деп хабарлады Айнагүл Сәрсенғалиева.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көкжөтелге қарсы вакцина алмағандардан «Borgetella Pertussis» ДНҚ-сы анықталғанын жазған болатынбыз.
Департаменттің мәліметінше, аталған ауруды жұқтырудың 22 дерегі көкжөтелге қарсы вакцинаны ектірмеуден екені белгілі болған.
Оның ішінде профилактикалық екпелерден бас тартудың 10 жағдайы (43,5%) бар. Ал медициналық қарсы көрсеткішке байланысты 11 дерек (47,8%) тіркелген.
Біреуінің (4,3%) екпе алуға жасы жасы жетпеген. Тағы бір адам (4,3%) профилактикалық екпесін алған.