Атырау облысында жыл басынан бері суға кеткен 11 адамның үшеуі – бала

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері 11 адам суға батып кеткен. Оның ішінде кәмелетке толмаған 3 бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Асқат Ержановтың мәліметінше, биылғы суға батқан адамдар саны азайған.

«Биылғы жыл басынан 7 қыркүйекке дейін су айдындарына 11 адам, оның ішінде 3 бала батып, жантәсілім етті. Ал шомылу кезеңі басталған 15 маусымнан бері суға батқан 9 адам қаза тапты. Оның ішінде 2 бала бар. Жайық өзенінің Атырау қаласындағы Геолог елді мекені тұсында суға батқан бір баланы іздестіру әлі жалғасып жатыр», -деп хабарлады Асқат Ержанов.

Оның дерегіне сүйенсек, төтеншеліктер 7 адамды құтқарып қалған.

Ал, судағы қауіпсіздікті бұзған адамдарға 2 млн 385 мың теңге айыппұл салынған.

«Статистикаға сәйкес, суға бату дерегінің бірнеше себебі анықталып отыр. Біріншіден, ересек тұрғындардың судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамай, мас күйінде шомылуы өкінішті оқиғаға ұрындырады. Екіншіден, шомылу кезінде өз күшін асыра бағалаудың кері әсері бар. Үшіншіден, ата-аналар балаларын қадағалаусыз қалдырып, су айдындарына өз бетімен шомылуға жібереді», -деп мәлім етті Асқат Ержанов.

Еске сала кетелік, бұдан бір ай бұрын Атырауда тыйым салынған жерде шомылған ер адам Жайыққа батып кеткенін хабарлаған болатынбыз.