Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жыл басынан бері тасжолдарда 123 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатынан 37 жолаушы мерт болып, 162 адам әртүрлі дене жарақаттарын алған.
«Адам өліміне әкеліп соқтырған жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі қала сыртындағы республикалық маңызы бар тас жолдарда тіркеліп отыр. Жыл басынан бері осындай жолда 35 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 23 адам қаза тапты. Ал, 54 адам дене жарақатын алды. Қауіпсіздікті арттырып, адам өмірін сақтау үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ және «КөркемТелекомЖайық» ЖШС бірлесе «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» республикалық маңызы бар тасжолының Атырау қаласы мен «Болашақ» зауытының тұсына дейінгі аралығына «Сергек» камерасы орнатылды. Өйткені, бұл жолдың аталған аумағында орналасқан екі ірі зауытқа қатынайтын автокөліктің саны еселеп артып отыр. Осы орайда, көлік жүргізушілеріне тасжолдарда белгіленген жылдамдық режимін сақтап, жолда жүру ережесін бұзбауын ескертеміз», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында көлік аударылып, шетелдік жүргізуші мен жолаушы ауруханаға түскенін хабарлаған болатынбыз. Жол-көлік оқиғасы 12 маусымда Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолында болған. Республикалық маңызы бар тасжолдың 95-шақырымы тұсында Chevrolet Cobalt автокөлігі аударылды. Көлік руліндегі Өзбекстан Республикасының 2000 жылғы азаматы басқару жүйесін игере алмағаны анықталды. Соның салдарынан жүргізуші мен 1985 жылы туған жолаушы түрлі дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен шетелдіктер ауруханаға жатқызылды.