13:00, 27 Қыркүйек 2013
Атырау облысындағы 9 компанияда шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың жалақысында айырмашылық анықталды
АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Отандық жұмысшылар мен шетелдіктердің жалақыларындағы айырмашылық бойынша кемшіліктер жойылды.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті. «Өңірде шетелдік қызметкерлерге қарағанда қазақстандық азаматтардың жалақысын төмендетіп белгілеу секілді әрекеттермен күресу қалай жүріп жатыр?» деген сауалға Б. Ізмұхамбетов: «биыл шетелдік инвестицияның қатысуымен жұмыс істеп жатқан 25 компанияға тексерулер жүргіздік. Нәтижесінде, 9 компанияда осындай проблема бар болып шықты, яғни отандық жұмысшылар мен шетелдік жұмысшылардың жалақыларында айырмашылық анықталды. Осы орайда тиісті шаралар қабылданып, бұндай кемшіліктер жойылды және қатаң бақылауға алынды»,-деді. Сонымен қатар өңір басшысы Қашаған жобасына да тоқталып өтті. «Қашаған жобасында жұмыстар енді басталуда. Атап айтқанда қазіргі кезде Атырау облысының әкімдігі жұмысшылардың еңбекақысы мәселесімен қатар экология, өңірдегі әлеуметтік бағдарламаларға қаржы бөлу секілді бағыттар бойынша ұсыныстар дайындауда»,-деді Б. Ізмұхамбетов.