Атырау облысындағы ауылда Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық ашылады

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Атырау облысының Махамбет ауылында ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға бағытталған үш нысан бірден ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Бизнес-инкубатор, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және «Нарын» коммуналдық базары жақын арада пайдалануға тапсырылады. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта «Нарын» базарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу аяқталғаннан кейін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мұнда өз өнімдерін делдалдарсыз өткізе алады.

«Жалпы ауданы 4500 шаршы метр ғимаратта аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі, аудандық кәсіпкерлер палатасы және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы орналасатын болады. Өз ісін ашқысы келетін кез келген адам осы жерден барлық туындаған сұрақтары бойынша кеңес ала алады. Жақын маңда орналасқан «Нарын» базарында жергілікті шаруалар өз өнімдерін сата алады» - деген ойымен бөлісті Махамбет аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Жексенбай Пазылов.

«Нарын» коммуналдық базарындағы бағаны негізсіз көтеруге жол бермес үшін Махамбет аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мамандары қатаң бақылау жасайтынын ескерте кетейік. Қазіргі уақытта жергілікті әкімдіктің қолдауының арқасында ауыл кәсіпкерлері өз өнімдерін делдалдарсыз өткізіп отыр.