Атырау облысының әкімі Б. Ізмұхамбетов Жеңіс күніне орай қарт жауынгерді арнайы барып құттықтады

None
АТЫРАУ. 8 мамыр. ҚазАкпарат - Ел басына күн туған сонау 1941 жылы ұлан-байтақ жерімізді қорғау үшін қолына қару ұстай алған қаншама азамат соғысқа аттанды. Соғыс аяқталған 1945 жылы солардың тек үштен бірі ғана елге оралды. Қазіргі күні сол қарттарымыздың бірлі-жарымы болмаса, көпшілігі саулығының нашарлығынан үйлерінен ұзап шыға алмайды.

Сондай ержүрек майдангерлердің бірі - Израиль Лернер. Жоғары білімді жігіт Отанын фашист басқыншыларынан қорғап келген соң түрлі жауапты қызметтерде істеді. Гурьевтегі сол кездегі бірден-бір зауыт - Петровский атындағы машина жасау зауытының бас директоры болады. Отбасында өмірлік қосағы Рауза Самиғоллақызымен өмірге бір ұл, бір қыз әкеледі. Оларды өнегелі, білімді перзент етіп тәрбиелейді.

Бүгін, Ұлы Жеңістің 68 жылдық торқалы тойы алдында соғыс ардагерін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы барып құттықтады. Израиль Маркұлы қаладағы Азаттық даңғылындағы үйдің үшінші қабатында тұрады екен. Тоқсан екіден асып, жүзге иек артқан қарт жауынгердің жүзін әжім торлағаны болмаса өңі тәуір, сөзі түзу. Облыс басшысының өзін арнайы құттықтап келгенін көріп, риза болды.

Ардагер облыс әкімімен арадағы әңгімеде бұрынғы қала мен қазіргі қаланы, оның көшелерін, ғимараттарын салыстыруға келмейтінін, жаңаша өмірдің тамаша екенін тамылжыта әңгімеледі. Қартпен жылыжүзді кездесу барысында облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы атыраулық жауынгерлердің ерліктері турасында сөз ете келіп:

- Сіздердің ерліктеріңіз үшін мың да бір рахмет! Ауырмай, әлі де ұзақ жасай беріңіз! Біз Сіздерді майдангерлерді әрдайым мақтан тұтамыз! - деп, қарт жауынгерге сыйақы салынған конверт пен азық-түлік толы сөмке, зайыбына гүл шоқтарын табыс етті. Осы тілекке қала әкімі Серік Айдарбеков те қосылды.