Кездесу барысында өңір басшысы Елшіні Франция құрамасының Ресейдегі футболдан әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.
Нұрлан Ноғаев атап өткендей, бүгінгі күні Атырау облысы Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерді іске асырудағы белсенді және жүйелі іс-қимылдардың нәтижесінде серпінді даму үстіндегі өңірлердің бірі. Облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму аясында ірі ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда өңір экономиканы әртараптандыру мақсатында басқа бағыттарды агроөнеркәсіптік кешенді, денсаулық сақтау, туризм салаларын дамытуда.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізге шетелдік инвестицияларды, жоғары технологияларды тарту, персоналдарды әлемдік стандарттар бойынша оқыту жөніндегі тапсырма берді. Осы бағытта облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Біз бизнесті дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту үшін барлық жағдайларды жасаймыз. Сіздің елден келген компаниялар бірлескен жобалар құру үшін барлық қажетті көмекті ала алады», - деді Нұрлан Ноғаев.
Өз кезегінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэ облыс әкімімен екі ел арасындағы ынтымақтастық бойынша алдағы жоспарларымен бөлісті.
Сонымен қатар, француз елшісі көптеген жобаларды іске асыруға және Франция мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретін алдағы Қазақстан-Француз форумы туралы да әңгімеледі.
Кездесу соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға болатын өте көп салалардың барын алға тартып, Франция өкілдерін Атырау облысына жиі келуге шақырды.