Атырау облысының әкімі шағымдарға уақтылы жауап беруді тапсырды
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен отырыстың күн тәртібінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Мемқызметшілердің әдеп кодексінің сақталуын қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлан Жанбаев және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің бастығы Нұрлан Ахметбаев аймақ басшысына есеп берді.
Е.Жанбаевтың айтуынша, жемқорлықтың алдын алу шараларының бірі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру.
«Цифрландыруды енгізуге ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта мемлекеттік кіріс органдары мемқызметтің 48 түрін ұсынып отыр. 26 қызмет түрі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар қағаз түрінде ұсынылатын 14 мемлекеттік қызметті электрондық форматқа аудару бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бастығы Ерлан Жанбаев.
Атырау облысының әкімі барлық мемлекеттік органдардың басшыларына халықтың шағымдары мен өтініштеріне уақтылы жауап беруді, ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасын күн сайын арттыруды тапсырды.