Атырау облысының екі ауданында 130 ірі қара қырылды, аймақта 30 күн карантин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысына қарасты Құрманғазы мен Исатай аудандарының аумағында Қазақстанда бiрiншi рет нодулярлы дерматит ауруы анықталды. 27 шілдеден бастап екі ауданда 30 күн карантин жарияланған. Бұл туралы бүгін журналистерге арналған брифинг барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдолданов мәлім етті.

«Аурудың диагнозы зертханалық жолмен қойылды. Бүгiнгi күнi Сынамалар халықаралық эпизоотиялық бюроға ноталық ақпарат жiберiлдi. Жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмiмен осы аудандарға карантин енгiзiлдi. Барлық жұмыстар, оның iшiнде дезинфекциялық, малды емдеу шаралары жүргiзiлiп жатыр. Осы шараларға 1 млн 930 мың теңге жергiлiктi бюджеттен бөлiндi. Қазiрде ауырған малдардың iшiнде 384 бас ірі қара жазылды. Ахуал тұрақты бақылауда. Екі ауданды қоса алғанда 130 ірі қара қырылған»,-деп мәлім етті Т.Қабдолданов.

Маманның сөзіне қарасақ, нодулярлы дерматитпен iрi қара мал ғана ауырады. Бұл ауру қан сорғыштар тасымалдайды және бұл iндет су көздерi орналасқан аймақтарда кездесiп отыр.

«Бұл ауру Ресей аумағында биыл мамыр айында Краснодар, Астрахан облыстарында және Дағыстанда, Шешенстанда тiркелген. Жалпы, бұл ауруға қарсы вакцина жоқ. Бүгiнде ауру малға антибиотиктер егiледi, ол көмектесiп жатыр»,-деген комитет төрағасының орынбасары нодулярлы дерматитпен күресуге симптоматиялық емдеуге арналған ветеринариялық препараттарды алуға және дезинфекциялық жұмысқа жергiлiктi атқарушы органның есебiнен 1 млн 930 мың теңге бөлiнгенін еске салды.

Бұл ауру Қазақстан аумағында осыған дейiн тiркелмеген экзотикалық ауру. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлiгi аса қауiптi аурулар тiзiмiне қосуын қарастырып жатыр. Тiзiмге қосылған кезде нодулярлы дерматит ауруына шалдыққан малдың иелерiне өтемақы беру мүмкiн болады. Мал ауруы адамдарға жұқпайды және ол көбінесі ірі қараның терісін зақымдайды. Қазір мал иелеріне өтемақы төлеу мәселесі қаралып жатыр.