Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мүгедектер істері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді. Онда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен және арнайы қызметтермен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
«Облыста әлеуметтік қызметтер порталына техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету үшін 12 507 мүгедектігі бар адам өтініш берді. Оның ішінде 7 774 адам қажетті құралдарымен қамтылды. Алайда, Атырау қаласы мен Қызылқоға, Индер, және Мақат ауданында сурдотехникалық, тифлотехникалық, протездік-ортопедиялық, міндетті гигеналық және арнаулы құралдарымен қамту ісі баяу атқарылады. Ал, Құрманғазы ауданында инватакси қызметі іске қосылған жоқ», - деп мәлім етті Азамат Мәмбетов.
Оның айтуынша, ерекше жандардың кіріп-шығуына бейміделмеге нысандар бар. Бұл мәселеге кейбір мекемелер мен аудандар атүсті қарап отыр.
«Жыл соңына дейін 259 нысанды мүмкіндігі шектеулілерге бейімдеу жоспарланды. Оның орындалысы туралы ақпарат invo.gov сайты арқылы бақыланады. Қазір бұл сайтта мәліметте Қызылқоға, Құрманғазы және Индер ауданының көрсеткіші нөлге тең. Демек, жоспар орындалмай отыр. Ал, Атырау қаласында бейімдеуді қажет ететін 259 нысан бар. Қазір оның 43-і ғана бейімделген. Арнайы мониторинг қорытындысымен медициналық нысандарда да қолайлы жағдай жасалмағаны анықталды», - деп хабарлады Азамат Мәмбетов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі үш кеңесшісі тағайындалғанын жазған едік.