Атырау облысының Қызылқоға ауданында өзен суы тасуы мүмкін

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, «Қазгидромет» РМК мамандары 15-17 наурыз аралығында Қызылқоға ауданының аумағындағы өзендерде су деңгейінің көтерілуі мүмкін екеніне болжам жасаған.

«Ақтөбе облысындағы өзен алқаптарының жоғары жағынан ағып келетін суға байланысты Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы өзендерде су деңгейінің көтерілетіні күтіледі. Мұндай жағдайда аудандағы елді мекендерді су басу қаупі туындайды. Осыған байланысты департамент пен жергілікті атқарушы органдар алдын алу жөнінде барлық іс-шараны атқарып жатыр. Ықтимал су тасқыны туралы болжам алынған кезде халықты сиренаның көмегімен, радио және телевизиялық хабар тарату желісі арқылы, басқа да құралдармен хабардар ету жүзеге асырылады. Тек ресми ақпараттарға сенген жөн», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Қызылқоға ауданының тұрғындарына су тасқыны қаупі туралы хабарландыру жасалғаннан кейін не істеу керектігі туралы кеңес берілді.

«Бұл туралы жақындарыңызға, көршілеріңізге хабарлап, балаларға, әйелдерге, қарттар мен науқастарға көмек көрсету керек. Ахуал күрделенер болса, оған алдын ала дайын болу қажет. Мұндай кезде барлық ірі және құнды заттарды шатырға немесе басқа қауіпсіз жерге қойған жөн. Суды, газды, электр қуатын, пештегі отты сөндіруді ұмытпау керек. Жертөледен барлық азық-түлік қорын алып, терезелер мен есіктерді жапқан дұрыс. Құжаттар мен бағалы заттар салынған сөмкені (рюкзак) қолжетімді жерге қойған жөн. Ең бастысы, дүрбелеңге салынбай, сабырлық сақтау», - деп мәлім етті ведомстводан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қызылқоға ауданында су басуы мүмкін ауылдарға әуеден барлау жүргізілгенін жазған едік.