«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, облыстың барлық аудандарында өткізіліп жатқан «Бірыңғай партия күні» шарасы аясында Мақат және Махамбет аудандарында балаларға арналған IT-сыныптар ашылды. Бұл іс-шара жаңа партиялық жобаларды және елорданың 20 жылдық мерейтойы мен Президенттің бес әлеуметтік жобасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Доссор кентіндегі Б.Қанатбаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Нұрсат Құлымжанов - болашақ аллеяның авторы. Оның қағаздан жасаған туындысы жуырда аудандық, облыстық байқауларда үздік атанып, байқаудың республикалық кезеңіне өтті.
«Мектебімізде ІТ-сынып ашылғанына өте қуаныштымын. Көптен бері өз эскиздерімді компьютерлік бағдарламаларға салып үйренгім келіп жүрген. Мен үшін бұл жақсы мүмкіндік болды»,- дейді ол.
Айта кету керек, өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының бастамасымен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында ашылған ІТ-орталықтан дәріс алған Нұргүл Үмбетқалиева бүгінде оқушылардың жаңа технологияларды меңгеруге бейімі жоғары екенін айтады.
Ал Махамбет ауданындағы Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің ІТ маманы Руслан Сұлтанов:
«Қазір тіпті 8-9 жасар балалардың да анимациялық фильмдер жасауға, түрлі ойындар құрастыруға қызығушылығы зор», - дейді.
Аудан орталықтарында ашылған ІТ-сыныптар заман талабына сай веб-камералармен, локальдық интернет жүйесімен жабдықталған. Сыныптарда арнаулы курстан өткен мамандар дәріс береді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жоба аясында Атырау облысында биыл 10 ІТ-сынып ашу жоспарланған. Бұл мектептерде 2018 жылы - 700, 2019 жылы - 1500, 2020 жылы - 2000 бала оқытылады.