Атырау облысының төрт нысаны «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енді

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының төрт тарихи нысаны «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Биылғы жылдың 28 мамырында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша облыс әкімінің орынбасары Әлібек Наутиевтің жетекшілігіндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Еске сала кетсек, жобаны жүзеге асыруда негізге алынатын қағидаттардың бірі - Қазақстанның барлық киелі орындары бойынша кең ауқымды кешенді зерттеу жүргізу, материалдарды жинау және жүйеге келтіру болып табылады.

Жұмыс тобының құрамына өлкетанушылар, тарихшылар, ғалымдар және облыстық музей, архив, кітапхана және тарихи-мәдени мұраны сақтау инспекциясының басшылары енді.

Отырыс барысында өңірдің 13 тарихи-мәдени нысаны бекітіліп, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының алдын ала тізіміне енді. Аталған 13 нысанның үшеуі археологиялық және сәулеттік ескерткіштерге жатады, 9 нысан - діни және біреуі - тарихи тұлғалармен және саяси оқиғалармен байланысты.

Атап өткен жөн, Атыраудың төрт нысаны - Сарайшық қаласының орны, Ақмешіт қорымы, Ұшқан ата мен Махамбет Өтемісұлының кесенелері Қазақстанның киелі орындарының жалпы тізіміне енді.

Ақмешіт қорымы. XVIII-XX ғғ.

Атырау облысы, Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауыллық округіндегі Ақкиізтоғай ауылының солтүстік-шығысына қарай 28 шақырым жерде орналасқан. Бұл атақты діндар, ағартушы және сәулетші Бекет Мырзағұлұлының (1750-1813 жж.) туып-өскен жері. Ол халықтың ерекше ықыласына бөленген тұлға. 1771-1774 жылдары Бекет ата жерасты мешітін салды, ағарту, рухани және емшілік қызметпен айналысты, балаларды оқытты. Мұнда Бекет атаның әкесі Мырзағұл, анасы Жәния және бауыры жерленген.

Сарайшық қаласының орны. XIII-XVI ғғ.


Сарайшық орта ғасырлардағы ең ірі және дамыған қалалардың бірі болды. Қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданы Сарайшық ауылының аумағында орналасқан. Мұнда Ноғай ордасы ханының, кейінірек - алғашқы қазақ хандарының ордалары орналасқан. Сарайшықта жеті хан жерленген: алтынордалық - Сартақ, Берке, Тоқтақия, Жәнібек (өзге деректерге сәйкес, Меңгу Темір хан да осында), қазақ ханы - Қасым және ноғай хандары Измаил мен Ораз жерленген.

Ұшқан ата кесенесі

Атырау облысы, Жылыой ауданындағы Құлсары қаласының оңтүстік шығысына қарай, 50 шақырым жерде орналасқан. Кесене атауы осында жерленген Ұшқан ата әулиенің есімімен байланысты. Аңызға сәйкес, ғұлама және көріпкел Ұшқан ата туыстарын өлтірген жәбірлеушілермен күресте қаза тапқан. Әулие өлімінің XVIII ғасырдағы қалмақ-торғыт және қазақтар арасындағы қанды шайқаспен де байланысты өзге нұсқалары бар. Кесенеде 200-ден астам қабір бар.

Махамбет Өтемісұлының кесенесі (1803-1846 жж.)


Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылдық округіндегі Жарсуат ауылының солтүстік шығысына қарай 50 шақырым жерде орналасқан. Ақын және батыр болған Махамбет Өтемісұлы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісінің көшбасшысы болды, жалынды жырларымен жауынгерлеріне рух берді. Кесене республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын ескерткіштер тізіміне енген.

Соңғы жаңалықтар