Атырау облысының тұрғындары медициналық қызмет сапасына жиі шағымданады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының тұрғындары медициналық қызмет сапасына жиі шағымданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» (МӘМС) қоры Атырау облыстық филиалының директоры Байтолла Ғазизовтың айтуынша, биылғы 1 желтоқсандағы статистикалық дерекке сәйкес 82 мың адам әлі сақтандырылмаған.

«Медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалғандардың басым бөлігі – Атырау қаласының, Құрманғазы мен Исатай ауданың тұрғындары. Олардың әлі күнге сақтандырылмауын бірқатар фактормен, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы жеткілікті хабардар болмауымен байланыстыру қажет. Тіпті кейбір жұмыс берушілер өз қызметкерлерін медициналық сақтандырумен қамтымай, міндетті төлемдерді уақытылы аудармай отыр», -деп мәлім етті Байтолла Ғазизов.

Оның пікірінше, өңірлік филиал қызметкерлеріне жыл басынан бері азаматтардан көрсетілетін медициналық қызметтердің, әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасына қатысты 348 өтініш түскен.

«Тұрғындардың өтінішінің бәріне тексеру жүргізілді. Тексеру кезінде 219 өтініш негізсіз деп танылды. Ал, 69 жағдайда тұрғындардың талабы расталып, кемшіліктерді жою үшін шаралар қабылданды. Медициналық мекемелер өзге өтініштер бойынша дәрігерлерге қатысты тәртіптік ықпал ету шараларын қолға алды», -дейді Байтолла Ғазизов.

Филиал директорының пікірінше, қарашада барлық ауданның тұрғындарымен кездесу өткізілген. Кездесуде тұрғындар көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына байланысты шағым айтқан.

«Тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлейді. Бірақ, көрсетілетін тегін қызметтер сапасының төмендігіне шағым айтып отыр. Олар ақылы медициналық қызметтерді алу үшін жеке клиникаларға баруға мәжбүр», -деп мәлім етті Байтолла Ғазизов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бір күнде екі жүкті әйел ауруханада қайтыс болғанын жазған едік.