Атырау облысының ветеринария саласына 2012 жылдан бері жаңа көлік берілмеген

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының ветеринария саласына 2012 жылдан бері жаңа көлік берілмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев ветеринарлармен жиын өткізіп, саладағы қордаланған мәселелер талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиевтың мәліметінше, 69 ветеринариялық пункт бар. Онда 271 ветеринар, 76 көмекші жұмыс істейді.

«Қазір ветеринариялық мекемелерде қызметтік мақсатта пайдаланылатын 126 автокөлік бар. Қызметтік көліктер күнделікті профилактикалық және диагностикалық жұмыстар жүргізу, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, санитариялық союға жануарларды тасымалдау секілді жұмыстарға пайдаланылады. Алайда, қызметтік автокөліктер 2012 жылдары сатып алынғандықтан, жағдайы өте нашар. Сол себептен, 80-ге жуық жаңа көлік сатып алу қажет. Осы проблеманы біртіндеп шешу үшін жол талғамайтын 42 автокөлікті мемлекеттік сатып алу порталына енгіздік. Енді осы айдың аяғына дейін жаңа көліктер жеткізіледі. Қалғаны біртіндеп алынады», -деп хабарлады Азамат Айтқалиев.

Оның айтуынша, ветеринария саласында қордаланған өзге мәселелер де бар. Мәселен, ветеринариялық пункттер жұмысқа бейімделмеген ескі ғимараттарда, тіпті кейбірі жергілікті әкімдіктердің бір бөлмесінде орналасқан. Онда жұмыс істеу, дәрі-дәрмек сақтау, техника мен ветеринарлық құрал-жабдықтарды талапқа сай орналастыру мүмкін емес. Малға эпизоотияға қарсы іс-шаралар өткізетін арнайы орындар жоқ. Соның кесірінен ветеринарлар үй-жайларды аралап жүреді.

«Облыста биологиялық қалдықтарды жоюға арналған 29 инсинератор пеші мен 56 типтік үлгідегі мал моласы бар. Соңғы жылдары мал арасында бруцеллез ауруы азайды. Алайда, арнайы ғимарат салу мәселесі республика деңгейінде қозғалып келеді. Өйткені, Ауыл шаруашылығы министрлігімен заманауи ветеринариялық-санитариялық ғимарат бекітілмеген. Сол себептен, жеке құрылысын жүргізу, жобасын жасақтау мүмкін емес», - деді Азамат Айтқалиев.