Атырау өңірінде су ресурстарын тиімді пайдалануға қаражат қарастырылуы тиіс - Қ. Ищанов

АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қайрат Ищанов Атырау облысының Құрманғазы ауданы бойынша су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін көтерді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауданда су көлемі жылдан жылға азайып келеді. Тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етіп отырған Қиғаш, Шарон өзендерінің гидрологиялық жағдайы нашар, су ағысы қалыпты жағдайдан төмен, соңғы 20-25 жылда мелиоративтік жұмыстардың, яғни өзен табанының терендетіліп қазылмауы жоғарыдағы жағдайға әкеліп отыр. Соңғы жылдары көктемгі қызыл судың тым аз мөлшерде келуі, көлдер мен Шарон өзенінің сағасындағы 12 кіші өзектерге судың шықпай қалуы, ауданның экологиялық жағдайына, егін шаруашылығының кенжелеп қалуына әсер етуде. Бұл өзек бойларында отырған 218 шаруа қожалықтарының жұмыстарына кері әсерін тигізіп жатыр», деді сенатор.

Сонымен қатар депутаттың айтуынша, ауданда облыс бойынша ең көлемді, балық тұқымдары уылдырық шашып, өсіп-өнетін аумағы 100 мың гектардан асатын, жем- қоры мол ірі және кіші аймақ бар екен. Бірақ, соңғы 3-4 жылда Шарон өзенінің сағасы мен Қиғаш өзенінің саласында, теңіз арналарындағы жұмыстар жүргізілмегендіктен балық қорының күрт азаюы байқалған.

«Жалпы Шарон, Қиғаш өзендерінің саласында және Каспий теңізі арналарында мелиоративтік жұмыстарды жүргізу үшін республикалық бюджеттен шамамен 1 млрд. 256 млн. теңге қаражат қажет етіледі», деді Қ. Ищанов.