Атырау прокурорлары 365 кәсіпкердің құқығын қорғап, 11 млн теңгесін қайтарды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау прокурорлары 365 кәсіпкердің құқығын қорғап, 11 млн теңгесін қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, прокурорлық қадағалаудың бағыты – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау.

«Биылғы жыл басынан Атырау қаласының прокуратурасы 365 кәсіпкердің құқығын қорғап, жергілікті атқарушы органнан 11 млн теңгесін кері қайтарды. Мәселен, прокурорлық қадағалау актісі негізінде мемлекеттік кіріс органы 269 кәсіпкерге қатысты шығарылған банктік шоттарды тоқтату туралы заңсыз бұйрықтардың күшін жойды», - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, кәсіпкерлердің банктік шоттарынан шығыс операцияларын негізсіз тоқтату дерегі анықталған. Соның нәтижесінде тағы 4 кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілген.

«Салық органдарымен «Wipon» қосымшасы арқылы алынған хабарламалар негізінде тағайындалған 51 заңсыз тексерістің күші жойылды. Жалпы тексерулер тек жеке және заңды тұлғалардың арызы негізінде жүзеге асырылатыны назардан тыс қалған. Кінәлі тұлғалар тәртіктік жауапқа тартылды», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 180 жұмысшыға 32 млн теңгенің жалақы берешегі өтелгенін хабарлаған болатынбыз.

Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақановтың мәліметінше, биылғы 6 айда 58 мыңнан астам азаматтың, оның ішінде 18 мың баланың, 4,2 мың кәсіпкердің құқығы қорғалған.

Прокурорлық ден қою шаралары арқылы мемлекетке 489 млн теңге залал өтеліп, 6,1 млрд теңгенің мүлкі қайтарылды. Прокуроратура органдарының үйлестіруімен 180 жұмысшыға 32 млн теңгенің жалақы берешегі өтелген.