Атырау прокурорлары сақтау мерзімі өтіп кеткен 40 тоннаға жуық жарылғыш заттарды анықтады

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Атырау қаласының прокуратурасы сақтау мерзімі өтіп кеткен жарылғыш заттардың сақталу фактісін анықтады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

«Жақында қалалық прокуратура өкілдері қызметтері жарылғыш және пиротехникалық заттардың айналымымен байланысты заңды тұлғалардағы заң талаптарының сақталу барысына тексеру жүргізілген болатын. Шара барысында «Компания ГИС» ЖШС-не қарасты жарылғыш заттардың негізгі қоймасын тексеру кезінде 40 тоннадан астам «БТП» маркалы жарылғыш заттардың сақталу фактілері анықталды. Жарылғыш заттар қорабының сыртындағы мәліметтерге қарағанда, материалдардың шығарылған мерзімі 2007-2008 жылдарға белгіленіп, оны 24 айға сақтауға болатындығы көрсетілген. Яғни 40 тоннаға жуық жарылғыш материалдардың сақтау мерзімі өтіп кеткендігі анықталып отыр», - делінген баспасөз айғағында.

Прокуратура өкілдері анықтағандай, «Компания ГИС» ЖШС-ның жарылғыш материалдарды сақтауға және оларды мұнайгаз өнеркәсібінде пайдалануға рұқсаты бар. Ал қоймадағы жарылғыш материалдардың негізгі иесі «Қазақ геофизикалық компаниясы» АҚ болып шықты. Аталған компания 2009 жылы жарылғыш материалдарды «Компания ГИС» ЖШС-ға берген.

«Тексеру қорытындысына орай, прокуратура Төтенше жағдайлар департаментіне заң бұзушылықты жою және кінәлілерді анықтап, заңдық негізде жауапқа тарту туралы ұсыным енгізді. Қазіргі күні Төтенше жағдайлар органдарымен «Компания ГИС» ЖШС-ны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, прокуратура жарылғыш заттардың иелерінен аталған материалдарды облыс аумағынан шығарып, оларды одан әрі пайдалану немесе жою мәселесін шешуді талап етуде», - делінген баспасөз айғағында.