Атырау тұрғындары жылуға артық төлеген 11,6 млн теңгесін кері қайтарып алады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау тұрғындарына жылу үшін артық төленген 11,6 млн теңге кері қайтарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің мәліметінше, тұтынушылардың жылу үшін артық төлем төлегені анықталған.

«Сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп, «Жылыой Су» МКК, «Иманалин» ЖК, «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК мен «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-ның жылумен жабдықтау қызметінің құнын қайта есептеу есебін қарады. Бұл кәсіпорындар Атырау облысында жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау бойынша қызметтер көрсетеді. Жылыту кезеңінде жеткіліксіз жылу беру дерегі анықталды. Ал тұрғындар төлемі төленген. Енді кәсіпорындар қаражатты адамдарға қайтару үшін төлем сомасын азайтуы керек», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Өңірлік департаменттің мамандары 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымының төлемін қайта есептеді.

Оның қорытындысымен тұтынушыларға қайтарылатын төлемнің сомасы қосымша құн салығы есебімен 11 млн 640 мың 572 теңгені құраған.

«Оның ішінде «Атырау жылу электр орталығы» АҚ жалпыүйлік жылу есептеу аспабынсыз 6 795 954,18 теңге, ескі, апатты үйлерде 3 349 271,3 теңге, «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС Нұрсая шағын ауданы үшін 539 830,70 теңге, Жұлдыз шағын ауданына 64 317,01 теңге, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК — Атырау қаласының 1-учаскесіне 291 084,30 теңге, Құрманғазы ауданына 43 224,16 теңге, Исатай ауданы үшін 377 537,10 теңге қайтарады. Ал, «Жылыой Су» МКК 176 119,10 теңге, «Иманалин» ЖК 3 234,56 теңге қайтаруға тиіс. Қайта есеп жасау есептеу құралдары жоқ тұтынушылар үшін есептеледі. Артық соманы қайтару түбіртектегі төлемді азайту арқылы жүзеге асырылады», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жылудың бағасы 22,5 пайызға өскенін жазған едік.