Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 26 ақпанда кезекші бөліміне әйелдің заңсыз есірткі дайындау, психотропты дәрілерді сақтағаны туралы хабар түскен.
Аталған дерекке байланысты Атырау қалалық полиция басқармасы №2 полиция бөлімінің қызметкерлері «Береке» шағынауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үй пәтерлерінің біріне тексеру жүргізген.
«Тексеру кезінде дүйкеге тиетін әсері жоғары 7 дана трамадол, 3 дана тропикамид дәрі-дәрмегінің бос бөтелкесін, дәрігердің рұқсатымен ғана берілетін «Сомнолий» дәрі-дәрмегі және целлофанға оралған қара түсті өзіне тән иісі бар психотроптық есірткіге ұқсас зат табылды. Бұған қоса бөтен адамдардың 14 жеке басын куәландыратын түрлі құжаттары, 6 дана еңбек кітапшасы мен 3 млн 074 мың теңге табылып, тәркіленді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 9 келіге жуық марихуана сақтаған күдікті ұсталғанын хабарлаған едік.
Есірткі заттарын 1973 жылғы күдікті заңсыз сақтап келген. Сот-сараптамалық талдаудың қорытындысына сәйкес салмағы 206 полиэтилен қапқа салынған 8 келі 867 грамды құрайтын заттар кептірілген марихуана өсімдігі екені расталған. Күдікті қамауға алынды