Атырау зауыты мемлекеттік сараптамадан өте алмай жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары Бейбіт Мамраев пен Бақытгүл Хаменова Атырау облысының арнайы экономикалық аймағында құрылып жатқан «Ұлттық индустриалдық мұнай химиялық технопаркте» болды.

АЭА аумағында Қазақстандағы бірінші интеграцияланған газ химия кешені мен полиэтилен және полипропиленнен жасалатын өнімдерді шығаруға бағытталған бірқатар кәсіпорын салу жоспарланып отыр. Депутаттар жұмысқа кіріскелі жатқан алғашқы зауытпен танысып қайтты.  

«Өндіріс жылына 14 738 тонна қабықша (пленка) мен 48 млн қапшық шығаруға шақталған.  Әзірге зауыт 20-25 пайыздық қуатымен жұмыс істеп тұр. Бұл серіктестерді іздеумен, өткізу мәселесімен ғана емес, сонымен қатар, кей заңнамалармен байланысты. Зауыт озық технологиялармен жарақтандырылған, бұрын Қазақстанда қолданылмаған технологиялар мен стандарттар пайдаланылуда. Бұрын мұндай болмаған. Мемлекеттік сараптама тиісті рұқсат бермей отыр. Оған себеп - бұрын Қазақстанда химиялық кешендерді іске қоспаған», - деп депутаттарға «Полимер Продакшн» ЖШС өндіріс бойынша орынбасары Игорь Корниенко мәлімдеді.

«Бұл үлкен проблема. Ол сіздің өндіріске ғана қатысты деп ойламаймын. Технологиялар, жабдықтар өзгеріп жатыр. Ал заң жобалары олармен қатар өзгеріп үлгермейді. Сондықтан барлық ұсыныстарыңызды жинақтап беріңіз. Біз оны қарастырамыз. Тиісті заңнамалық базаға уақытында өзгерістер енгіземіз деп ойлаймын», - деді Б. Мамраев.