Атырау жарықсыз қалды: Төтенше жағдай себебі аталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда электр энергиясының өшуіне не себеп болғаны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қаласының бірнеше шағынауданында электр қуатының өшіп қалуына №18 қосалқы электр стансасының өртенуі себеп болған.

«Қарашаның 13-інен 14-іне қараған түні Атырау қаласының Бірлік шағынауданындағы №18 қосалқы электр стансасында өрт болды. Өрт облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің күшімен жойылды. Қазіргі уақытта Геолог, Жұлдыз, Бірлік, Томарлы, Вокзалмаңы шағынаудандары электр қуатынсыз қалып отыр.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов Атырау қаласындағы шағынаудандарды электр жарығымен қамтамасыз етуге байланысты туындаған ахуалды жеке бақылауына алды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Қазір өңір басшысының тапсырмасымен Атырау қаласының әкімдігі мен «Атырау-Жарық» АҚ-ның авариялық қызметтері авариялық жағдайдың салдарын жою және электр энергиясын беруді қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгін, 14 қараша күні таңертең Вокзалмаңы шағынауданында электр қуаты қалпына келтірілді.

Еске сала кетелік, Атырауда электр энергиясының өшуінен мектептер онлайн оқуға көшірілгенін хабарлаған болатынбыз.