Атырау жастары арасында ең үздік балықшылар анықталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраулық жастар балық аулаудан сайыс ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік балықшылар күніне орай Атырау қаласының жастар ресурстық орталығы мен облыстық «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен байқауға қаламыздың және аудандардан 16-29 жас аралығындағы азаматтар қатысты.

«Балық аулау жарысы екі күнге жалғасты. Бірінші күні сайыс қатысушыларына Су полициясының және құзырлы орган мамандары келіп,  балық аулаудың қағидалары мен қауіпсіздік техникасы туралы түсіндірді. Ал  екінші күні таңның атысымен жас балықшылар Жайық өзенінің жағалауына жиналып, өздерінің сүйікті ісі - балық аулауға кірісті. Бұл күні ауа райы да тамаша болды. Өзен беті тымық тұрды. Бұл байқау алдағы уақытта жалғасын табады», - дейді жастар ресурстық орталығының басшысы Серік Қадыров.

Сайыс барысында алғашқы балықты Досбол Әділов есімді жас балықшы ұстады.

Жарыс кезінде жемді дұрыс таңдап, балықты епті ұстау сапасына мән берілді.

Соңында қазылар алқасы қармаққа іліккен балықтың салмағы мен өлшеміне байланысты жүлделі орындарды белгіледі.

Айта кетер болсақ, бірінші орынды Жеткіншек Құлтеміров алды. Ол 80 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықпен марапатталды. Жүлделі екінші орынды иеленген  Асылбек Сырымовқа 50 мың теңге, үшінші орынды иемденген Досбол Әділовке 30 мың теңге табысталды.

«Мұндай байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырғанына қуаныштымын. Жастар арасында балық аулаудан осындай шаралар жиі-жиі өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Балық аулау - бұқаралық спорт түрі. Сондықтан, мұны дамытуға Атырауда мол мүмкіндік бар», - дейді байқауда жүлдегер атанған Жеткіншек Құлтеміров.