Атырауда 1 гектар аумақтағы жылыжайдың екінші бөлігі құлап түсті

АТЫРАУ. 24 ақпан. ҚазАқпарат - Осы аптада Атыраудағы «ҚазАгроӨнімдері» шаруа қожалығына «ҚазАгроҚаржы» АҚ салып берген жылыжайдың екінші секциясы құлады.

Шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Розметов мәлім еткендей, «домино» сияқты құрастырылған жылыжайдың бір секциясы екіншісін өзімен бірге тартып, құлатып кеткен.

«Қазіргі уақытта жылыжайдың құрылысын ұстап тұрған металл майыса бастады. Терезелердің кем дегенде 50 пайызы сынды немесе қирады. Және де бұл үдеріс жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін жылыжайды сақтап қалу бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан жүйелі ұсыныстар түспеді», - деді В. Розметов. 

Естеріңізге сала кетейік, көптеген ақаулармен салынған 1 гектар аумақтағы жылыжай толассыз жауған қардың салдарынан ақпанның басында құлай бастаған еді.