Атырауда 11 мектепте оқушылар үш ауысымда оқиды
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, 200 мектепте алғашқы қоңырау соғылады. Сабаққа 140 мыңға жуық оқушы келеді.
«Биыл Атырау қаласындағы 11 мектепте сабақ үш ауысымда өткізіледі. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, шаһар тұрғындарының арасында демографиялық өсім байқалып отыр. Екіншіден, бұған көші-қон қозғалысы әсер етеді. Үшіншіден, орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалімдер жетіспейді. Өңірде төрт мектеп апаттық жағдайда тұрғанына қарамастан, білім беру қызметін жалғастырады. Мұндай білім ордасының біреуі Атырау қаласында орналасқан. Бұл мектептің жаңа ғимаратын салу үшін тендер өткізіліп, келісімшартқа қол қою жүріп жатыр. Ал ауылдардағы осындай үш мектеп үшін жаңа ғимараттың құрылысы басталды», - дейді Айнагүл Дүйсекенова.
Оның дерегіне сүйенсек, Атырау облысында 2021-2025 жылдар аралығында жаңадан 48 мектептің ғимаратын салу жоспарға енгізілген. Қазір 10 мектептің және 1 мектептің жанынан жапсарлас ғимарат құрылысы жүріп жатыр.
«Биыл 6 мектептің құрылысын жүргізуге республикалық бюджет есебінен 4 млрд теңге бөлінді. Жаңа нысанның бесеуі Атырау қаласында, біреуі Индер ауданында салынады. Өзге мектептер үшін жер телімін бөлу мәселесі нақтыланып жатыр. Бұл мектептер пайдалануға берілген кезде қосымша 20 мыңға жуық оқушы мектепке қабылданып, 2 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылады», - деп мәлім етті Айнагүл Дүйсекенова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында мектеп тапшылығы мәселесін шешу жоспарын жазған болатынбыз.